Бокстан әлем чемпионатында Даниял Сәбит қарсыласын айқын басымдықпен жеңді

Фото: ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін, 6 желтоқсанда ел құрамасынан Даниял Сәбит (51 келі) жарысты сәтті бастады. 

Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өтіп жатқан дүбірлі додада отандасымыз кениялық Келвин Майнамен шаршы алаңға шықты.

Отандасымыз төрешілер шешімімен қарсыласын 5:0 есебімен тізе бүктірді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Сәкен Бибосынов (54 келі) ботсваналық Катего Кеорапетсенің осал тұсын тапты.

Сондай-ақ бүгін ел құрамасынан Сабыржан Аққалықов (75 келі) Сейшель аралдарынан келген Джошуа Аарон Кузинді екінші раундта нокаутқа жіберіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Енді ел құрамасынан соңғы жекпе-жекті Серік Теміржанов (60 келі) моңғолиялық Эрдэнэбатын Цэндбаатарға қарсы өткізеді.

Айта кетсек, қазірге дейін отандастарымыз арасынан Санатәлі Төлтаев (67 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. 

IBA турнирі 3-13 желтоқсан аралығында Дубайда ұйымдастырылады. Бұл бәсекеде 13 салмақ дәрежесі белгіленген, ал жүлде қоры өте жоғары: чемпиондар — 300 мың доллар, күміс жүлдегерлер — 150 мың доллар, қола жүлдегерлер — 75 мың доллар, ал ширек финалистер 10 мың доллар алады.