Британия XIX ғасырдан бері алғаш рет бір күнін көмірсіз өткізді
10:49, 22 Сәуір 2017
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыбритания XIX ғасырдың соңынан бері алғаш рет бір жұмыс күнінде өндірісіне таскөмір қолданылатын электр энергиясын пайдаланбады, деп хабарлайды Би-Би-Си агенттігі.
Британдық электрмен жабдықтау желісі операторының (Ұлттық желі компаниясы) дерегі бойынша, 21 сәуір - 2025 жылға қарай көмір қолданудан кезеңімен бас тарту бағдарламасындағы бетбұрыс күні болып табылады.
Көмір - ауаны ең көп ластайтын қазба отын түрлерінің бірі.
Зиянды заттарға салынатын салықтың көп болғаны соншалық, электр стансалары үшін көмірді қолдану тиімсіз болып отыр.
2016 жылдың шілде айында Бүкіләлемдік жабайы табиғат қоры мен басқа да ұйымдардың мамандары әзірлеген баяндамаға сәйкес, Еуропадағы көмір электр стансаларының жұмысы салдарынан жыл сайын 23 мың адам көз жұмады.