Британияда мектеп оқушыларының автобусы аударылып қалды

Фото: report.az

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбританияда мектеп оқушылары мінген автобус экскурсиядан келе жатып, жолдан шығып кетіп, аударылып қалған. Бір оқушы мерт болып, екеуі ауыр жарақат алды.

Бұл туралы арнайы баспасөз мәслихатында Эйвон және Сомерсет округтері аймақтық полициясының суперинтенданты Марк Эджингтон мәлім етті, деп жазады ресейлік ТАСС.

Оның сөзінше, оқиға Англияның оңтүстік-батысындағы Сомерсет графтығында 17 шілде күні болған. Зардап шеккен екі оқушы медициналық тікұшақпен ауруханға жеткізілді. Автобуста барлығы 60-тан 70 адамға дейін болған. Олардың 21-не дәрігердің көмегі қажет болды. Кейбірінің жарақаты ауыр.

The Daily Telegraph басылымының жазуынша, жол апатына түскен Майнхед орта мектебінің (Сомерсет графтығы) оқушылары Девон графтығындағы Эксмура хайуанаттар бағынан келе жатқан. Оқушылардың жасы 9 бен 14 аралығында. Олардың жазғы демалысқа шығуларына 5 күн қалған.

Осы оқиғаға байланысты Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер мен министрлер кабинетінің өкілдері көңіл айтты.

Осыған дейін Ұлыбританиядағы Саутенд әуежайында екі қозғалтқышты ұшақ апатқа ұшырағаны туралы жаздық.