Бүгін ҚР Ұлттық мұрағатының көрме залында жазушы, филология ғылымының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбектің құжаттық жеке қорының ашылу рәсімі өтеді

None
АСТАНА Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат - Бүгін Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті ҚР Ұлттық мұрағатының көрме залында белгілі ғалым, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбектің құжаттық жеке қорының ашылу рәсімі өткізіледі.

Бұл туралы аталған мұрағаттың баспасөз қызметінен хабарлады.

Шараа барысында қазақ руханиятының көрнекті тұлғасы Ақселеу Сланұлының жеке қорынан алынған құжаттар негізінде көрме ұйымдастырылады.

Көрмедегі құжаттар қор иесінің шығармашылық бағыттарына байланысты «Арман қанатында», «Арманын біліммен бекемдеген», «Қарымды қаламгер», «Ғалым-этнограф», «Білігіне білімі жарасқан», «Өресі биік өнер иесі», «Хаттар сыр шертеді», «Тұғыры биік тұлға» бөлімдерден тұрады. Сондай-ақ қаламгердің баспасөз беттерінде жарық көрген мақалаларының, кітаптарының, повесть, очерк, әңгімелерінің қолжазбалары және еңбектерінің өз қолымен түзетілген машинкалық нұсқалары, фотоқұжаттары, электрондық жеткізгіштегі құжаттар, құрмет грамоталары, алғысхаттар, әртүрлі ғылыми атақтарын, қызмет лауазымдарын растайтын куәліктерінің түпнұсқалары қойылған. Оның ішінде «Алпамыс батыр», «Күңгір-күңгір күмбездер», «Кеніш», «Ойтолғақ», «Күй шежіре», «Бейпіл сөздер», «Қазақтың қысқаша тарихы» атты кітаптарын, «Тауға біткен жалбыз», «Қанды қырғын», «Табысу», «Сұлу сөз, шұрайлы ой», «Өресі биік өнер» секілді әңгімелерін, «Ұлы жүз», «Орта жүз», «Кіші жүз», «Қазақ, үш жүз, ұран, таңба» туралы шежірелік аңыздарын, «Хан Абылай» толықметражды тарихи фильмін, «Күннің қызы Күнікей», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» т.б. сценарийлерін атаған жөн.

Белгілі өнер адамдары, тарихи тұлғалар туралы ой толғанымдары, әртүрлі іссапарларда, жиналыстарда жазылған деректемелер жинақталған қойын дәптерлері де енгізілген.

Сонымен қатар көрмеде «Құрмет» ордені, «Мәдениет қайраткері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгілері де қойылған.

Құжаттық жеке қорда 1961-2009 жылдар аралығында жазылған 700 жуық хаттар жинақталған. Соның ішінде көрмеде Ә. Марғұлан, М. Ғабдуллин, Л. Гумилев, Ғ. Мүсірепов, А. Тоқмағамбетов, Ә. Тәжібаев, Ғ. Орманов, О. Бөкей, Ж.Әбдіхалық, И.Тасмағамбетов сынды мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, ақын-жазушылардан, әріптестерінен келген 20-ға жуық хаттар орын алған.

Рәсімге Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар қатысады.