Бүгін Семейден Тарбағатай ауданына кезекті автокеруен жөнелтілді
Тарбағатай ауданынан көмек көрсету жөніндегі қоғамдық штаб төрағасы, Қазақ қаржы-экономикалық академиясының ректоры Нәдірбек Әпсалямовтың жалпы жетекшілігімен ұйымдастырылған автокеруен қызылсудан зардап шегіп отырған ауылдарға көмір, ағаш, пішен, төсек-орын, дәрі-дәрмек, азық-түлік, жылы киім, т.б. заттар жеткізеді. 10 көлікке барлығы 120 тоннадай жүк тиелді.
Қиын-қыстау кезеңде өз қолдауларын көрсету мақсатында автокеруенмен бірге Тарбағатайға қоғам өкілдері, ардагерлер, зиялы қауым және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, барлығы 20 адам аттанды. «Біз жерлестеріміздің басына қиыншылық түскен кезде, қарап отыра алмаймыз. Мемлекет те, жергілікті өкімет те, адамдардың жағдайларын реттеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды деп сенеміз. Биылғы қыс баршамыз үшін үлкен сабақ болды», дейді Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Семейдің құрметті азаматы Нәсен Сембаев қария.