Бүгінгі кино арқылы қазақтың қызы қорлықтың, масқаралаудың нысанына ілігіп отыр - Б. Тілеухан

None
АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгінгі кино арқылы қазақтың қызы қорлықтың, масқаралаудың нысанына ілігіп отыр.

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында қазақтың қазіргі киносына қатысты пікірін осылай білдірген депутат Бекболат Тілеухан бүгін осы салаға жауапты министрлік басшылары мен лауазымды тұлғаларын Мәжіліске шақыру туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

« Кино арқылы мемлекеттер, елдер жайында түсінік, пікір қалыптасады. Киносы арқылы АҚШ әлемді бір құтқарушы ел секілді рөлге енсе, үнді елі - сыршыл, махаббатшыл келетінін танимыз, ағылшындар - кербез, Ресей - қайсар да әділетті көрінеді. Керек десеңіз, кейінгі түсірген Кольчак туралы фильмін қарасаңыз, одан аяулы адам жоқ. Ал қазақ ше? Қазақ «Келін», «Қайрат-чемпион» секілді кино түсіріп, елді масқаралап отыр. Бүгінгі киносына қарасаң қазақ - қызтекелер мен «біржыныстылықпен бұзылғандардың» елі секілді. Былтырғы Тәуелсіздік секілді киелі мерекенің қарсаңында жұрт көретін уақытта ел дүрлігіп жатқанына қарамастан КТК-телеарнасы «Келін» фильмін қайта-қайта көрсетіп жіберіп еді. Бұл ұлтты қорлаудың ашық тайталасы, басыну, ойына келгенін істеу, деген сөз болатын. Ал енді Наурыз мерекесінің қарсаңында Алматы, Астана көшелерінде аттың артына мінгескен қазақтың қызының бөтен ұлт еркегінің құшағында балқып отырған сурет-жарнамасы әр қадам сайын ілінді («Махаббат тәлгегі» фильмінің жарнамасы» - ред.). Неге біздің киелі мерекелеріміз Тәуелсіздік күні, Ұлыстың ұлы күні- Наурыз тап осылай жарнамаланбайды? Ал енді сол жарнамадағы «Махаббат тәлкегі» деген киноны көрсеңіз жаныңыз тағы да шыжғырылады. Қазақтың қызы еуропалық жігітке жабысып, өз ұлтының жігітінен қашып, сол бөтен ұлт жігітінің одан безгеніне қарамай, ізіне түседі. Бұндайға парықсыз көрермен күлсе, намысы бар жігіттер кино алаңында жыларман болды», деді Б. Тілеухан.

Сонымен бірге, депутат бұнда ешқандай да кездейсоқтықтың орын алмағанын, қайта мынадай сұмпайылықтың ұлт санасын улайтын заңдылыққа айналып отырғанын атап өтті.

«Бұндай сорақы кино халықтың салығынан, бюджет есебінен түсірілген кино. Жалпы, қазақтың танымында, көшпелілердің ұғымында қорлаудың, кек алудың, масқаралаудың ең шыңына жеткен түрі - бұл қыздың қорлануы болатын. Бүгінгі кино арқылы қазақтың қызы қорлаудың нысанына ілігіп отыр. Қазақтың қызын қорлағаннан басқа тақырып таусылып қалғандай, тура осы төңіректі айналшықтап отырмыз. Осыған байланысты, Мәдениет министрлігі жұртшылықтың салығынан түсірілетін киноларға, олардың мазмұнына жауап беруі тиіс. Кім түсіріп жатқаны, қалай түсіріліп жатқаны жайында Мәдениет министрі мен қазақтың кино саласына жауапты азаматтарды Мәжіліске шақыру керек», деді Б. Тілеухан.