Бүгіннен бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі - Жолдау жүктеген міндеттер
Және мемлекетіміз ел халқы санының 2020 жылы 10 пайызға өсуі үшін мемлекет барлық қажетті жағдайларды жасайтын болады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаңтардың 29-ында Парламент палаталарының бірлескен отырысында жасаған Жолдауында мәлім етті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде атап көрсеткендей, біздің мемлекеттік әлеуметтік саясатымыздағы басты басымдық халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету болып табылады. «Сондықтан мен 2020 жылға қарай жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан, ал табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 8 пайыздан аспайтын болсын деген міндет қоямын», деді Елбасы өз сөзінде.
Әлеуметтік қызметтер тек мұқтаж адамдарға көрсетіліп, қазіргі заманғы стандарттар мен Қазақстандағы өмір деңгейіне сәйкес болуы керек.
2015 жылға қарай базалық зейнетақы төлемдері ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінің 60 пайызы деңгейіне дейін өсіріліп, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері 2010 жылмен салыстырғанда 1,2 есе арттырылуы тиіс.
«Біз өз іс-әрекетімізде дәйектілікті ұстанамыз. Өткен жылы зейнетақылар, шәкіртақылар, бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақылары 25 пайызға өсірілді. Әлеуметтік жәрдемақылар орта есеппен 9 пайызға артты.Республикалық бюджетте үстіміздегі жылы да зейнетақыларды 1 қаңтардан бастап, ал шәкіртақылар мен бюджеттегілер еңбекақыларын 1 шілдеден бастап жиырма бес пайызға өсіру қарастырылған.
Өткен жылғы экономика өсімінің оң серпінін шәкіртақылар мен бюджеттегілердің еңбекақыларын үш ай бұрын - 2010 жылдың сәуірінен бастап өсіруге мүмкіндік береді деп есептеймін. Үкіметке осы үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырамын», деп атап көрсетті Елбасы өз Жолдауында.
Бюджетті нақтылауда Елбасы Жолдауына сәйкес бюджет қызметкерлерінің жалақыларын есептеуде қолданылатын базалық лауазымдық айлықты 10 890 теңгеден 13 613 теңгеге дейін арттыру жолымен, сәуірдің 1-інен бастап олардың жалақысын 25 пайызға көтеру қарастырылып отыр.
Осы мақсатта 1400 мың бюджет қызметкері үшін мемлекет бюджетінен 53,8 миллиард теңге қарастырылған, бұл соманың 24,2 мыңы жергілікті деңгейдегі ұйымдарға жолданады.
Қазіргі таңда мемлекеттік органдарды, оның ішінде жергілікті атқарушы органдар мен оларға қарасты ұйымдарды қаржыландыру жоспарларына өзгертулер енгізіліп отыр. Сәуірдің 1-інен бастап барлық бюджеттік ұйымдар жалақының 25 пайыздық өсімі ескеріле отырып қаржыландырылады.
2009 жылмен салыстырғанда, орташа жалақы 43 883 теңгеден 54 510 теңгеге дейін өседі, оның ішінде білім саласы қызметкерлерінің жалақысы 40 125 теңгеден 52 300 теңгеге дейін, денсаулық сақтау қызметкерлері үшін 45 642 теңгеден 56 720 теңгеге дейін өседі.
Сондай-ақ демалысқа шыққанда барлық бюджетшілерге берілетін емделу жәрдемақысы да көтерілетін болады.