Бурабай ауданы оқушыларының өз газеті жарық көрді
09:19, 09 Қыркүйек 2010
КӨКШЕТАУ. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/-Ақмола облысына қарасты Бурабай аудандық білім бөлімі жанынан мектеп оқушыларының «Арман», «Мечта» атты мерзімді басылымның алғашқы номері өз оқырмандарының қолына тиді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қос тілді басылымның алғашқы данасы бір мың дана мөлшерінде таралып отыр. Оның шығарылуына балғындардың өздері белсенділікпен атсалысуда. Аптасына бір рет жарық көретін газет бетінде өңірдегі білім ошақтарының табысы мен өзекті мәселелері, балалар тәрбиесі мен білім беру ісін жетілдіру жайы, жастар тәрбиесі, ата-ана мен балалардың қарым-қатынасы, жас буынның қоғамдағы алар орны сынды тақырыптар қамтылатын болады. Бұл іске жергілікті қоғамдық ұйымдар, жастар бірлестіктері, мемлекеттік емес ұйымдар, құқық қорғау орындары ынталылық танытып отыр.