Чилиде зілзала құрбандарының саны 700 адамнан асты

None
СТАНА. Наурыздың 1-і. ҚазАқпарат - Чилиде зілзала құрбандарының саны 700 адамнан асты. Бұл туралы ел президенті Мишель Бачелет ханым мәлім етті,

деп хабарлайды РБК агенттігі. Бұған дейінгі ақпараттарда 400 адамның қаза болғандығы хабарланған болатын.

Бірақ та, мұның барлығы алдын ала мәліметтер.

Сантьягода және елордаға жақын маңдағы аудандарда үйінділер енді тазартыла бастады. Елдің басқа өңірлерінен апат құрбандары туралы алғашқы мәліметтер енді түсіп жатыр. Апат салдарынан Консепсьон және Вальпараисо қалаларының қатты зардап шеккені айтылуда.

Зілзаладан зардап шеккен кейбір аудандарда жарық, телефон байланысы жоқ, ауыз су жетіспеушілігі байқалуда. Жер сілкінісі салдарынан Сантьягоның халықаралық әуежайы жабылды, рейстердің бәрі тоқтатылды. Жаңа зілзала болады деп қауіптенген адамдар үйлеріне оралуға қорқып, далада жүр.

Рихтер бағамы бойынша күші 6,1 балдық жаңа жерасты дүмпулері Чили елордасы - Сантьягода алғашқы апаттан кейін 9 сағаттан кейін тіркелген болатын.

Еуроодақ жедел көмек ретінде Чили тұрғындарына 3 миллион еуро бөлуге әзір екенін жария етті. АҚШ та көмек көрсетуге ниет білдіріп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Чилиде өткен аптада күші Рихтер бағамы бойынша 8,5 балдық зілзала болды. АҚШ-тың Ұлттық геологиялық қызметінің хабарлауынша, зілзаланың кіндігі Консепсьон қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 91 шақырым қашықтықта және Сантьяго қаласынан 339 шақырым жерде болған. Зілзала ошағы 55 шақырымдық тереңдікте орын алған.