Д.Қонаевтың 100 жылдығын батысқазақстандықтар да атап өтпек
13:18, 29 Желтоқсан 2011
ОРАЛ. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығын алдағы жылдың басында батысқазақстандықтар да кеңінен атап өтпек.
Бұл туралы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өткен дөңгелек үстел отырысында айтылды.
Д.Қонаев атындағы халықаралық қоры облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Ізтелеуовтің атап өткеніндей, осы атаулы оқиғаға орай «Қонаев ел есінде» атты кітап шығарылып, облыс орталығында ескерткіш орнатылмақ. Аталмыш қор 1994 жылдан бері жұмыс жасайды. Қордың ұйытқы болуымен Д.Қонаевтың мерейтойы қазірдің өзінде аталып өтіле бастады. БҚАТУ-дағы басқосу - соның бірі. Онда мемлекет басшысының елге, соның ішінде Ақ Жайық өңіріне сіңірген еңбегі туралы айтылып, өмірі туралы деректі фильм көрсетілді.