«Даму» мен «Казконтент» кәсіпкерлерге тегін 120 сайт ашып бермек
Бұл туралы «Интернет - бизнесті жылжыту құралы ретінде» атты семинар барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлім етті.
"Шағын және орта бизнес өкілдері үшін тегін веб-сайттарын жасап, ғаламторда өз тауарын жылжытуға мүмкіндік бергіміз келеді. Сайт құру жұмыстары осы жылдың 1 қаңтарынан басталып кетті. Бұл жоба, сондай-ақ оларға табыс көлемін ұлғайтып, жаңа бизнес кеңістіктерін бағындыруға жағдай жасайтынын атап өткім келеді. «Казконтентпен» бастаған жобамыз сәтті болады деген сенімдеміз», - деді Л.Ибрагимова.
«Казконтент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Владимир Тутыкиннің айтуынша, интернет - шексіз кеңістік, яғни ғаламтор шағын және орта бизнес қатысушыларының бизнес-мүмкіндіктерін кеңейтетіні сөзсіз. «Осындай артықшылықты пайдалана отырып, олар серіктестерін Қазақстаннан тыс жерден де іздеп табатыны анық. Экспорттық операцияларды жасаушылар шетелдегі тұтынушыларға да өз тауарларын ұсына алатын болады», - деді ол.
Тегін сайт жасау жобасын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры «Казконтент» АҚ-мен бірге жүзеге асыруда. «Казконтент» АҚ-ы «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі» АҚ-ның еншілес компаниясы болып табылады.