Денсаулық сақтауды цифрландыру: жарты жылда 1,8 млн қашықтан медициналық қызмет көрсетілді
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан халқы үшін 1,8 миллионға жуық қашықтан медициналық қызмет көрсетілген. Бұл жалпы көрсетілетін қызметтердің 8,35%-ын құрайды.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, пациенттерді сәйкестендірудің цифрлық құралдарын енгізу аясында еліміздегі медициналық ұйымдардың 80%-ы қажетті веб-камералармен жабдықталған. Цифрлық сәйкестендіруден өткен пациенттердің үлесі 79%-ға жеткен.
Сонымен қатар, «Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тетігі жалғасып жатыр. Жыл басынан бері жазылған рецептілердің 76,3%-ы қамтамасыз етілген.
- Цифрландыруды арттыру жөніндегі жұмыс шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі өңірлік басқармаларға бірнеше тапсырма жүктеді. Атап айтқанда, медициналық ұйымдарды толық веб-камералармен қамтамасыз ету, пациенттерді цифрлық сәйкестендіруге көшіру және «Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрі-дәрмекпен қамтуды жеделдету қажет, - дейді спикер.
Айта кетейік, үш жылдың ішінде елімізде 633 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді.