Денсаулық сақтау саласындағы реформа ауыл ауруханасын күйретпесе игі - С. Әйімбетов
Оның ішінде депутат ауылдық ауруханаларға қатысты алаңдаушылығын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2010 жылдан бастап денсаулық сақтау саласында енгізіліп жатқан жаңа реформа сырқаттарды емдеу тұрғысынан оң септігін тигізгенімен, ауылдық жерлердегі қалыптасқан денсаулық сақтау жүйесін күйзелтіп, оның ыдырауына әкеп соғуы әбден мүмкін. Реформаға даярлық барысында ауылдық жерлердегі ауруханалар мемлекеттік мекеме мәртебесін жоғалтып, аудандық ауруханалармен біріктіріліп, қазыналық кәсіпорын ретінде қайта құрылған болатын. Осындай рәсімдеуден ауылдық дәрігерлік емханалар мен аудандық емханалар да өтті. Қазіргі реформаға сәйкес, сырқат қай ауруханада ем қабылдаса, қаражат сол ауруханаға аударылады. Бұл өз кезегінде, материалдық -техникалық жабдықтармен және білікті мамандармен толық қамтамасыз етілмеген ауылдық ауруханалардың тіршілік ету мүмкіндігін шектеп, олардың жабылуына жол ашады», деді депутат. Оның айтуынша, реформаға сәйкес, ауылдық ауруханаларға ешқандай қаражат түспей отыр. Ал бұл шалғайдағы аурухананың ағымдағы шығындарының төленбеуіне, кредиторлық қарызының қалыптасуына соқтырады. Ақыр соңында бұндай елді мекендердегі ауруханалар жабылып тынуы мүмкін. «Аурухана жабылған жағдайда ондағы қызмет еткен дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің тағдыры ешкімді алаңдатпай отыр. Олардың қайда баратыны да белгісіз. Ал бұл өз кезегінде жұмыссыздық санын көбейтіп, ауылдық жердегі әлеуметтік ахуалдың төмендеуіне жол беруі мүмкін. Сонымен қатар, аурухана ғимараты иесіз қалып, ауыл келбеті бұзылмайтынына кім кепіл?», деді С. Әйімбетов. Осыған байланысты, депутат реформа өзін-өзі ақтағанша ауылдық ауруханалардың ағымдағы шығындарына (отын, су, жылу, еңбек ақы және т.б.) ай сайын қаражат аудару тәртібін белгілеуді алға тарты. Оның айтуынша, бұндай шығындар бюджеттен өтелуі шарт.