ДНҚ-код көмегімен 2016 жылы Астанада зейнеткерді өлтірген қылмыскер ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылдардағы қылмыстарды ашу мәселесі Ішкі істер министрлігінде ерекше бақылауда, - деп жазды Polisia.kz.
2016 жылы Астана қаласында аса ауыр қылмыс жасалып, 80 жастағы әйелді өлтіру дерегі тіркелген. Қылмыскер зейнеткердің үйіне кіріп, оған зорлық-зомбылық көрсеткен. Оны соққыға жыққан және жасаған қылмыс ізін жасыру үшін оқиға орнынан бой тасалаған.
Қылмыс орнын қарау кезінде криминалистер көзге нашар көрнетін биологиялық іздерді тапты. Сол іздерден ДНҚ-код алынды. Алайда тоғыз жыл бойы қылмыс ашылмай келді. Қылмыскер әділдік пен жазадан қашып жүрді.
- Ішкі істер министрлігінің молекулярлық-генетикалық зертханасында бар заманауи технологиялармен ДНҚ-дерекқоры арқасында сәйкестік анықталды. Осылайша 65 жастағы күдіктінің жеке басы анықталды. Ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыс жасағанын мойындады. Министрлік өткен жылдардағы ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу жұмысын жалғастырады. Криминалистикалық құралдар қылмыскерді қылмыс жасалған уақыттан қанша жыл өтсе де, дәл анықтауға мүмкіндік береді. Осы мысал жазадан қашу мүмкін емес екенін көрсетеді, - деді ІІМ Жедел-криминалистикалық департаментінің бас криминалисі Айнұр Сәрсебаева.
Бұған дейін арғы тегін тексеріп, ДНҚ тест жасату неге сәнге айналғанын жазған болатынбыз.