Доку Омаров Мәскеу метросындағы жарылыстар үшін жауапкершілікті мойнына алды

None
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат - Шешен содырларының жетекшісі Доку Омаров бейнемәлімдеме жасап, Мәскеу метросындағы жарылыстарды ұйымдастырғанын жария етті.

Бұл туралы экстремистік сайттардың бірі хабарлады.

Лаңкес, наурыздың 29-ы күні Мәскеу метросында орын алған шабуылдың өзінің жеке бұйрығы бойынша ұйымдастырылғанын мәлім етті. Сайт редакциясының айтуынша, бейнематериал да наурыздың 29-ында жазылған.

Д.Омаров, лаңкестік әрекеттердің федералды күштер ақпанның 11-інде жүргізген арнайы операациясына жауап екенін мәлім еткен. Сол жолы Ингушетияда 18 содырдың көзі жойылған болатын, бірақ ол оқиғаның салдарынан 5 бейбіт тұрғын да зардап шеккен еді. Олардың төртеуі кейіннен ауруханада көз жұмды. Д.Омаров, Ресей аумақтарына шабуылдардың жалғаса беретінін мәлім етті.

Ал кеше, сәрсенбі күні таңертең Дағыстанның Кизляр қаласында болған лаңкестік әрекет үшін жауапкершілікті әзірге ешкім мойнына алған жоқ. Естеріңізге сала кетейік, наурыздың 31-і күні таңертең Кизлярда орын алған екі жарылыстың салдарынан 12 адам қаза болды, олардың 10-ы - милиция қызметкерлері, біреуі - тергеуші және тағы біреуі - бейбіт тұрғын. Сондай-ақ 23 адам түрлі жарақатпен ауруханаға түсті.