Допты хоккей шебері Рауан ресейлік «Старттың» үздік шабуылшысына айналып келеді

None
ОРАЛ. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласының түлегі Рауан Исалиев допты хоккейден Ресей чемпионатының суперлигасында ойнайтын Нижний Новгородтың «Стартының» үздік шабуылшысына айналып келеді.

Рауан биылғы біріншілікте қазірдің өзінде қарсыластар қақпасына 15 гол соғып, әріптестеріне 6 рет дәл пас беріп үлгерді. Бұл жөнінен Р.Исалиевтің командаласы, Ақ Жайық допты хоккейінің тағы бір түлегі Леонид Бедарев (6 гол, 8 пас) екінші орында келеді.

Биыл жиырма төрт жасқа толатын Қазақстан құрамасының шабуылшысы Рауан Исалиев, әсіресе, соңғы матчтарда нәтижелі ойын өрнегін көрсетуде. Мәселен, 2011 жылдың 23 желтоқсанында Мурманскідегі жергілікті «Мурманмен» (ойын нәтижесі - 3:3) өткен матчта Рауан екі доп соқса, 26 желтоқсанда Архангельскіде «Водникке» «Старт» 4:6 есебімен есе жібергенімен, қазақстандық хоккейші хет-триктің иесі атанды. Ал 5 қаңтар күні «Старт» өз айдынында Ульяновскінің «Волгасын» қабылдап, 5:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойында Рауан қарсыластар қақпасына тағы екі гол енгізді.