Екібастұздағы ГРЭС-1 стансысының қуатын 2015 жылға дейін 4000 МВт-қа арттыру көзделіп отыр
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақмыс Тобы баспасөз қызметінен мәлім еткендей, компания ГРЭС-1 стансысының операциялық қызметінен алынған пайданы аталмыш стансыны қайта жаңғыртуға инвестициялаған. Салықтар төленгенге дейінгі есеп бойынша қалыптасқан бұндай пайда 12 миллиардтан астам теңгені құрады.
«Жыл ішінде электр стансының №3, 4, 6 және 7-ші энергоблоктарына ағымдағы жөндеулер және №5-ші энергоблокқа техникалық қайта жарақтандыру мен күрделі жөндеу жүргізілді. Барлық жұмыстар жоспарланған мерзімнен бұрын аяқталып, сол арқылы 2009 жылдың үшінші және төртінші тоқсандарында қосымша электр энергиясын өндіруге мүмкіндік туды», - делінген ақпаратта.
2009 жылдың желтоқсан айында ЕГРЭС-1 стансысын қайта жаңғыртудың негізгі кезеңі басталды. 2013 жылға дейін оның қуатын 2500-ден 3000 МВт-қа дейін арттыру жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, ЕГРЭС-1-дің 2009-2015 жылдарға бағытталған инвестициялық бағдарламасы 180 млрд. теңгені құрайды. Оның нәтижесі бойынша стансының өндірістік қуаты 4000 МВт-қа дейін жетеді деп күтілуде.
«Электр стансысының инвестициялық бағдарламасы операциялық пайдадан қайта инвестициялаудың есебінен қаржыландырылды. Соған байланысты акционерлерге дивидендтер төлемеуге шешім қабылданды. Алдағы уақытта да біз, ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламаны уақытылы орындап отыруға және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуға ынталымыз», - деп атап өтті Топтың энергетикалық департаментінің директоры Николай Коробовский.