Экономиканың даму қарқынына институттардың сапасы өз әсерін тигізеді -Экономика институтының қызметкері

None
АЛМАТЫ. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Экономиканың даму қарқынындағы экономикалық саясат пен институттардың жоғарғы сапасының көрсеткіші 2,4 пайызды құрайды. Бұл бүгін Алматыда өткен «Дағдарыстан кейінгі даму: жаңа онжылдықтағы жаңа мүмкіндіктер» деп аталатын дөңгелек үстел жиынында сөз болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Білім және ғылым министрлігінің Экономика институтының қызметкері Елдар Даурановтың айтуынша, дағдарыстан кейінгі дамуға жағдай жасауда алғашқы кезекте жүзеге асыратын бірнеше шаралар бар. Олар: іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту, елдің қаржылық жүйесін нығайту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру. Ал мемлекеттік басқару моделінің жаңа қағидаттары - нәтижелілік, ашықтық және қоғам алдындағы есептілік болып отыр.

«Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі 2015 жылы қалыптасады. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік басқару реформасы әр уақытта әрқилы әдіспен жасалған. Мәселен, ұзақ мерзімдік жалпыұлттық бағдарламалар жасау мемлекет немесе үкімет басшыларына есеп беретін мемлекеттік органмен, сондай-ақ мамандандырылған зерттеу, консультативтік және оқыту құрылымдары желісін құру арқылы жасалған. Мемлекеттік басқарудың жаңа моделін жүзеге асыруға Финляндия, Малайзия, Ұлыбритания сияқты елдер 15 жыл уақыт жұмсаған», дейді экономика ғылымының кандидаты Елдар Дауранов. Ғалымның сөзіне қарағанда, мемлекеттік бақылау индексі бойынша Қазақстанда институттар көрсеткіші жыл сайын төмендеп келе жатыр. Мысалы онда еліміз 2006 жылы - 73, 2007 жылы - 80, ал 2008 жылы - 81 орын алды.