ЕҚЫҰ саммитінде біз Ауғанстанға байланысты мәселелерді талқылауға тиістіміз - Сенатор Ә. Ахметов

None
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитінде толеранттылықпен қатар, Ауғанстанға байланысты мәселелерді талқылауға тиістіміз. Бүгін Астанада «Еуропа-Қазақстан: тарихи алғышарттар және ықпалдастық перспективалары» атты республикалық форум кезінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әділ Ахметов осындай пікір білдірді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауғанстанның Ұйымға қатысы жоқ деген әңгіме дұрыс емес. Өйткені осы ұйымға қатысатын 56 мемлекеттің 43-і Ауғанстанмен байланысты. Оның 36-сы әскер беріп отырса, қалғандары гуманитарлық көмек көрсетіп отыр. Қалайда қарым-қатынас жасауда. Сондықтан Ауғанстанда қауіпсіздік, бейбітшілік орнамай, Еуропадағы қауіпсіздік ұйымының аумағында қауіпсіздік орнайды десек қатты қателесеміз», дейді сенатор.

Оның айтуынша, соғыс оты тұтанған жерлерде қақтығыстар алі өшпей тұр. «Кавказдағы, Грекия маңайындағы мәселелер, Балқандағы шиеленістер, ең ірісі - 10 жылдан астам уақытқа созылып кеткен Ауған жеріндегі соғыс күн тәртібіне қойылғаны дұрыс», деп атап көрсетті Ә. Ахметов.

Ә. Ахметовтің айтуынша, ЕҚЫҰ саммиті соңғы рет Ыстамбұлда 1999 жылы өткендіктен, кезекті отырысты Астанада өткізу - Ұйым мүшелері үшін бұрыннан күтіліп келген елеулі оқиғаға айналмақ.

«2001 жылы қыркүйекте АҚШ-тағы Әлемдік сауда ұйымының екі ғимараты жарылған тұстан Әлем өзгерді. Лаңкестік пен экстремизм мәселері, адам құқығы мен қауіпсіздікке байланысты, әлемдік дағдарысқа қатысты талқылаулар жүріп жатыр. 1999 жылдан бері ЕҚЫҰ саммиті бірнеше рет өтуі тиісті еді. Бұл форумды өткізу бойынша осы ұйымға мүше елдермен кеңестер жүргізілуде. Саммитті өткізуге қатысты Қазақстанның бастамасы ірі елдердің көпшілігімен қолдау тауып келеді. Саммиттің күн тәртібін пысықтай түсу керек, онда қаралатын мәселелердің мазмұны қандай болады деген төңіректе жұмыстар жасалуда», дейді ол.