Елбасы қазақстандық өнеркәсіптік топтар Кеден одағы аясында бәсекелі болуы үшін оларға қолдау көрсету қажет деп есептейді
Президент бұл пікірін бүгін Ақордада өткен ҚР Президенті жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің 1-ші жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2012 жылы Біртұтас экономикалық кеңістік құрылатын болады. Қазір Кеден одағы жұмыс істеуде. Бұл ретте Біртұтас экономикалық кеңістік аясындағы барлық әріптес елдерде жеке құрылымдар басқаратын, мемлекет қолдау көрсететін қуатты өнеркәсіптік топтар бар. Бұл өнеркәсіптік топтар экономикалық және саяси жағынан сыртқы нарықтарды экспансиялауға дайын. Алайда, олар нарықтарға жіберілмей отыр. Сондықтан олар Қазақстанды өздерінің табиғи экономикалық кеңістігі ретінде санайды. Бізде жұмыс істеп жатқан ірі ойыншылар еліміздің аумағында ресейлік, украиналық, беларустық өнеркәсіптік топтармен бәсекелесуі үшін өз Үкіметінен қаржылық-саяси қолдау таба алмай отыр. Сондықтан да Қазақстан өзінің ұлттық лидерлерін өсіруі тиіс. Бұл Үкіметке берілетін тапсырма. Бұл орайда «30 корпоративтік көшбасшы» бағдарламасын жандандыру қажет. Оның төңірегінде бүкіл бизнес шоғырланатын болады», деді отырыста Н. Назарбаев.
Елбасының айтуынша, мемлекеттік қолдау көрсету жөніндегі мұндай бағдарламаны әзірлеуде бірінші кезектегі қадамдар ретінде Үкімет мынадай міндеттерді орындауы тиіс. Вице-премьерлердің бірін орталық және өңірлік бизнеске жауапты етіп тағайындау қажет. Шағын және орта бизнестің қызметін реттейтін бүкіл заңнамалық базаға құқықтық аудит жүргізу керек.
Елбасының айтуынша, соныымен қатар, біртұтас үйлестіруші кеңес құру қажет. Ол шашырап жүрген бүкіл бизнес қауымдастықтарды біріктіруі тиіс. «Бұл үйлестіруші кеңес Үкіметпен арадағы келіссөздерді жүргізу және мемлекеттік қолдау шаралары үшін біртұтас тұғырнама болуы қажет. Мұндай кеңестің аясында барлық қажетті дайындық жұмыстарын жүргізетін және шағын және орта бизнесті қолдауға арналған тиімді құқықтық базаны әзірлейтін консультативтік органдар құрылуы тиіс», деді Президент.