Елбасы ядролық арсеналға ие мемлекеттерді ойлануға шақырып отыр - Мәжіліс депутаты Т. Асанов
- Беделді баспасөздерде әлем назарын өзіне аударған материалдар жарияланып тұрады. Соның бірі - сәуірдің 2-сі күні Ресейдің «Известия» газетінде жарық көрген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік» атты көлемді мақаласы. Елбасы әлем жұршылығын алаңдатып отырған атом қаруының адамзатқа әкелетін қайғысы мен қасіретін ашып көрсеткен. Мемлекет басшысы: «Ядролық сынақтардың барлық қасіретін мойнымен көтерген Қазақстан халқы үшін оларға толық тыйым салу мәселесі аса көкейкесті болып табылады. Өйткені, Семей полигонында 40 жылда 450 сынақ жасалса, одан 1,5 миллион адам зардап шекті»,- деп атап өткен.
Елбасы осы мақаласында тереңнен толғаған ойларды жеткізген. Қазақстанның бейбітшілікті қорғау бағытындағы атқарып келе жатқан қызметін үлгі ретінде айтқан. Елбасы әлем елдерін, әсіресе ядролық арсеналға ие мемлекеттерді ойлануға шақырып отыр. Мақала бүгінгі таңда шетелдің көптеген мемлекет басшылары мен саясаткерлері тарапынан оң бағалануда. Қазір осы мақала бірнеше тілдерге аударылып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әлемнің түкпір-түкпіріне тарап жатыр.
Мемлекет басшысы Жер-Ананың біреу екенін, оған алапат қасірет әкелетін атом қаруын біржола тоқтатуға үндеген. Бұл бастамаға тек қана Қазақстан халқы емес, көптеген шетелдік азаматтар да үн қосып, қолдау білдіретініне кәміл сенемін. Және де Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасы ядролық қауіпсіздік мәселесіне қатысты дүниежүзілік маңызды басқосулардың талқысына түсетінін, әлем назарына шығарылатынын қазірден-ақ сезуге болады.
Біздің қазақ сонау ғасырларда есесі кеткен халық. Небір жаугершілік замандарды бастан кешті. Қаншама қалалар қирады. Бейбіт тұрғындар жаудың қолынан қаза тапты. Ел қорғаған батырларымыз ерен ерлік көрсетті. Айталық, шығыстан жау тисе, еліміздің барлық өңірінен қол жетіп, қазақ халқының бірлігін көрсетті. Соның арқасында халқымыз ұлан-ғайыр жерімізді қорғап қалды.
Алмағайып кезеңдерді бастан кешкен халық «Тек қана тыныштық болса екен!» деп армандады. Жиырмасыншы ғасырда Азамат соғысында, кейін Ұлы Отан соғысында небір боздақтарынан айырылған халық тек қана бейбітшілікті аңсады. Сондықтан халқымыз тыныштыққа жететін ештеңе жоқ екенін жақсы біледі.
Дегенмен ХХ ғасырдың аса зор қауіптерінің бірі - атом бомбасы. Ол алғаш рет 1945 жылы Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталды. Ядролық жарылыстың қандай алапат болатынын біз қазір ескі деректі кино кадрлерден, фотосуреттерден көріп жүрміз. Жапон елінің қос қаласы бір-ақ сәтте тұрғындармен бірге түгелдей өртеніп кеткені анық. Жапон халқы сол күнді осы күнге дейін аза тұтатынын бәріміз де білеміз.
1945 жылғы мамырдың 9-ында Ұлы Отан соғысы аяқталды деп халқымыз қуанғанымен, қазақ үшін жасырын жүргізілген Кеңес одағының атомдық сынақтары үлкен қасіреттерді алып келді. 1949 жылы алғаш рет сынақ жасалған Семей сынақ аймағы 40 жыл бойы құнарлы жеріміздің құтын қашырып, халқымызға атом уын сеуіп келді. Ұлы ақын Абайымыз туып-өскен өңірге орасан зор зардабын тигізді.
Нұрсұлтан Әбішұлы билік басына келген алғашқы күннен бастап тыныштықты сақтауды, бейбітшілікті қорғауды басты ұстанымы етіп алған адам. Айта кету керек, қазақ елінің аумағында КСРО мұрасы ретінде қалған ядролық қарумен жабдықталған 104 зымыран және 240 қанатты ядролық зымырандары орнатылған 40 стратегиялық бомбалаушы ТУ-95 ұшағы болды. Сол тұста атомдық қаруға Ресей, Қазақстан, Украина және Беларус елдері ие еді. Ел тәуелсіздігін алмай тұрып-ақ Қазақ КСР Президенті Н.Назарбаев 1991 жылы тамыздың 29-ы күні арнайы Жарлығымен Семей сынақ аймағын жауып, Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартатынын әлемге жария етті. Бұған барша Қазақстан халқы жүрегімен қуанды.
Елбасы ел тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап барша Әлемде бейбітшілікті сақтау бағытында қажырлы еңбек етіп, игі бастамалар көтеріп келеді. Қазақстанның бейбіт мақсаттағы ізгі істері әлемдік қауымдастықтың назарынан да тыс қалған жоқ.
Елбасының бастамасымен, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қолдауымен тамыздың 29-ы Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттердің халықаралық күні болып белгіленді. Мұның бәрі аз жетістік емес.