Елде ауыл әкімдерінің өкілеттігі кеңейтіледі

Фото: GOV.KZ

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Елімізде ауылдық округ әкімдерінің өкілеттігі мен міндеттері артады. 

Бұл туралы Алматыда өткен Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков айтты. Оның сөзінше, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға енгізілетін өзгерістер ауыл әкімдерінің дербестігін және жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған.

Оның ішінде мынандай ұсыныстар бар:

— Әкімге ақысы істелген жұмысы бойынша төленетін еңбек шарты арқылы жұмысшыларды (механизатор, дәнекерлеуші, сантехник, электрик, заңгер, бухгалтер) өз бетімен жалдау құқығын беру;

— Ауыл тұрғындарына ақылы қызмет көрсету мүмкіндігі бар арнайы немесе ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға рұқсат ету;

— Әкімдер мен олардың аппараттарына көше саудасын, қоғамдық аумақтарды абаттандыруды және басқа да бағыттарды бақылау өкілеттігін кеңейту.

Вице-министрдің айтуынша, Мәжілісте сайлау жүйесін жетілдіру жұмысы жалғасып жатыр. Бұл бағытта аумақтық сайлау комиссияларының жұмысы қамтылған. Бірақ шешілмеген мәселелер де бар. Соның бірі — әкімдердің сайлауалды уәделерін орындауға нақты тетіктер мен жауапкершіліктің болмауы.

— Әкімдердің сайлауалды уәдесі олардың өкілеттігі мен үшінші және төртінші деңгейдегі бюджеттердің мүмкіндіктеріне сай болуы керек. Әкім өз құзыретінен тыс уәде беріп, оны орындай алмайтын жағдайға жол беруге болмайды, — деді Бауыржан Омарбеков.

Осыған байланысты сайлауалды бағдарламаларды дайындаудың бірыңғай тәртібін бекіту ұсынылады. Бұл құжатта нақты қаржылық және басқару мүмкіндіктері ескеріліп, айқын және қолжетімді мақсаттар көрсетіледі.

Сонымен қатар ауылдық округтің даму жоспары сайланған әкімнің сайлауалды бағдарламасына негізделеді. Сайлаудан кейін бұл жоспар жергілікті қауымдастық жиналысында бекітіледі және кей жағдайда ауданның даму жоспарына өзгеріс енгізуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл әкімдердің жұмысында сабақтастық орнатып, халықтың елдегі сайлау жүйесіне деген сенімін арттырмақ.

Вице-министр кей әкімдер жұмысының тым көптігіне шағымданатынын атап өтті. Айтуынша, қараусыз қалған мал табылса, әкім оның иесін анықтап, фотоесеп жасап, тексеру жүргізіп, хаттама толтыруы керек — мұның бәрі 633-бапқа сәйкес, оның міндетіне кіреді. Сондықтан қазір қандай функцияларды қысқартуға немесе басқа органдарға беруге болатыны зерттеліп жатыр.

Сондай-ақ төртінші деңгейлі бюджетті күшейту мәселесі де қаралып жатыр. Қазір оған сегіз түрлі салық түседі. 2018 жылдан бері мұндай бюджет көлемі 3,5 есе өсіп, 112,2 млрд теңгеге жеткен. Өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 29,5% болған.

— Нәтиже жаман емес, бірақ бұл бағытта жұмысты тоқтатуға болмайды, — деді Бауыржан Омарбеков.

Оның айтуынша, Қазақстанда 2021 жылдан бері ауыл және ауылдық округ әкімдері тікелей сайлау арқылы таңдалып келеді. Қазір елде 3,5 мыңға жуық әкім сайланған. Келесі кезеңде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау өтті. Бүгінге дейін 48 ауданның және 4 қаланың әкімдері сайланған.

Еске салайық, былтыр ауыл әкімдерінің сайлауалды уәдесінің орындалуына мониторинг жүргізілетіні хабарланды.