Елімізде 2009 жылдың сәуір айында инфляция деңгейі 0,8 пайызды құрады

None
АСТАНА. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елімізде 2009 жылдың сәуір айында инфляция деңгейі 0,8 пайызды құрады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Статистика агентігіне сілтеме жасап. Агенттіктің бүгін таратқан хабарламасына сүйенсек, сәуір айында жылдық инфляция 8,8 пайызды құраған, ал осы жылдың басынан бері 2,8 пайызға жеткен. «Өткен айда азық-түлік тауарлары нарығында қанттың бағасы - 6,6, жемістер мен көкөністер - 3,3, алкогольсіз сусындар - 2,6, ет өнімдері - 1,5, кондитерлік бұйымдар 1,1 пайызға өсті. Күнбағыс майы - 4,7, ұн ? 1,7, қарамық жармасы ? 1,3, жұмыртқа ? 1,2, нан - 1, күріш 0,3 пайызға арзандады», делінген агенттіктің баспасөз баянында. Сонымен қатар жеке тазалыққа арналған тауарлардың бағасы - 2,1, медициналық препараттар, жуғыш және тазалағыш құралдар - 1,9, кітаптар мен газеттер ? 1,8, үйде күнделікті пайдаланылатын заттар, киім-кешектер мен аяқ-киімдер 1,1 пайызға өскен. Бензин - 1,5 пайызға, дизель отыны 4,7 пайызға арзандаған. Ал денсаулық сақтау қызметіне арналған бағаның деңгейі - 2,9, жеке қызмет көрсетулердікі - 1,9, мейрамханалар мен қонақүйлердің қызметі - 0,8, мәдени қызметтер - 0,6, көлік қызметі 0,5 пайызға өскен.