Елімізде 21 мыңға жуық үлескері бар 97 нысанның құрылысын аяқтау қалып отыр
17:42, 03 Қыркүйек 2010
АСТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2010 жылғы қыркүйектің 1-гі жағдай бойынша, Қазақстанда 20 мың 722 үлескері бар 97 нысанның құрылысын аяқтау қалып отыр.
Бұл туралы Құрылыс істері және тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық агенттігі баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында көрсетілген.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл нысанның 42-сі (8774 үлескер) Астанада, 27-сі (6414 үлескер) Алматыда, 28-і (5534 үлескер) басқа өңірлерде орналасқан. «2007 жылдың 4-ші тоқсанында республикамызда 62 мың 889 үлескері бар 450 тұрғын үй кешені салынды. Өткен кезең ішінде 353 нысандағы 47 мың үлескердің проблемасы шешілді» делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.
Сондай-ақ, мәліметте 2007 жылдан бастап жалпы алғанда республикамыз бойынша үлестік құрылысты мемлекеттік қаржыландыру бас-аяғы 518,782 млрд. теңгені құрағаны көрсетілген.