Елімізде «Ең үздік жеке инвестор» байқауы басталды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш жобаны Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығы (АӨҚО) Академиясы негізінде құрылған Жеке инвесторлар клубы мен бірқатар брокерлік компаниялар ұйымдастыруда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 15-ші қыркүйектен желтоқсанның 15-не дейін жалғасатын шараға кәмелеттік жасқа толған, брокерлік шотқа ие тұлғалар қатыса алады.
"Байқауды өткізудегі басты мақсат - Қазақстан қор нарығындағы жеке тұлғалардың инвестициялық үлесінің артуына, инвесторлардың осы сала бойынша өз біліктіліктері мен шеберліктерін көрсетуіне мүмкіндік беру және қазақстандық эмитеттердің бағалы қағаздарға деген сұранысын арттыруға жол ашу", дейді АӨҚО-ның Басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Жазықбаев.
Сонымен қатар Е.Жазықбаев, байқау аясында қатысушылар ашық сауда тәсілімен сауда биржасы режимінде бағалы қағаздарды сату-сатып алу келісімдерін жүзеге асыратындығын айтады. "Қатысушы келісімге қол қоятын құнды қағаздар тізіміне Қазақстан қор биржасында айналымда жүрген барлық бағалы қағаздар енеді. Ең үздік ондықтың аралық тізімі қалыптастырылып, оны байқаудың интернет-ресурстары және ақпараттық серіктестіктер арқылы жариялау жоспарланып отыр", деп атап өтті Е.Жазықбаев.
Жеке инвесторлар клубының басшысы Серік Омар бұл байқаудың қазақстандық жеке инвесторлар арасында үлкен қызығушылққа ие болатынын айтады. "Бүгінгі күні инвесторлардың саны 10 мыңға жуықтап отыр. Осылайша, олар табыс табуды, яғни ұнайтын және пайдалы істі қатар қолдана алады. Қор нарығында қызмет ететін жеке ойыншылармен қатар, біз теориямен таныс, бірақта өзін іс жүзінде сынап көрмеген тұлғаларды байқауға қатысуға тартпақ ниеттеміз", дейді С.Омар.
Аталмыш байқауға CAIFC, Centras Securities, Halyk Finance, Seven Rivers Capital, Premier Capital сияқты брокерлік компаниялар қатысады.
Жеңімпаз 500 мың теңгеге қол жеткізіп, жақсы нәтиже көрсеткен басқа қатысушылар шара демеушілерінің атынан бағалы сыйлықтармен марапатталады.