Еліміздің туристік әлеуетін танытатын жарнамалық науқанға қанша қаржы бөлінді
АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрлігі еліміздің туристік әлеуетін шетелдіктерге танытатын жарнамалық науқанға биыл қанша қаражат бөлінгенін атады.
«Жылда ұйымдастырылатын туризмді офлайн ілгерілету мақсатында халықаралық туристік көрмелер, нарық қатысушыларының өкілдері арасында B2B кездесулер ұйымдастырылады. Сондай-ақ әуе компаниялармен, халықаралық туристік қауымдастықтармен және жергілікті атқарушы органдармен әріптестікте Қазақстанның туристік әлеуетімен таныстыру үшін ақпараттық және баспасөз турлары өткізіледі», - деп атап өтті министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.
Ведомствоның атап өтуінше, Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында ірі медиа алаңдар мен әлеуметтік желілерде түрлі жарнамалық науқандар өткізіліп жүр.
«Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының халықаралық және ішкі нарықтарда туризмді ілгерілетуге арналған бюджеті 2022 жылы - 520 905 мың, 2023 жылы - 565 488 мың және 2024 жылы 400 049 мың теңгені құрады. Жүргізіліп жатқан жұмыс туристік ағынның артуына үлкен үлес қосып отыр. 2023 жылы елге 9,2 млн шетелдік азамат келді. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 2 есе (4,7 млн адам) көп. Маркетингтік науқандар белсенді жүргізілген елдердің туристері арасында айтарлықтай өсім байқалады», - деді министрліктен.