Елордада орнықты даму жөніндегі парламенттік комиссия төрағасының орынбасарлары бекітілді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін елордада Орнықты даму мақсаттарының іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссия төрағасының екі орынбасары бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бұған дейін аталған комиссияның төрағасы болып Сенат спикері Мәулен Әшімбаев сайланған еді.

Бүгін Сенатта осы Комиссияның алғашқы отырысы ұйымдастырылды.

«Парламенттік комиссия туралы ереже әзірленді. Бүгінгі отырыста осы ереже бекітілді. Сонымен қатар, ереже бойынша (Парламент) қос палатаның орынбасарлары Парламенттік комиссия төрағасының орынбасары болуы тиіс. Осыған орай Сенаттан Ольга Перепечина және Мәжілістен Альберт Рау комиссия төрағасының орынбасары ретінде ұсынылып, мақұлданды», - деді М. Әшімбаев.

Бұдан бөлек, бүгін Орнықты даму мақсаттарының іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның алғашқы отырысында аталған комиссияның хатшысы ретінде Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова сайланды.

Мұнымен қоса Парламенттік комиссияның 2023-2024 жылдарға арналған жұмыс жоспары қаралды.

«Біз жұмысымызды осы құжаттың негізінде ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, ол тек жоба екенін атап өткім келеді. Сіздер тиісті ұсыныстарыңызды комиссия хатшысына жолдай аласыздар. Ары қарай жоспарды толықтыра түсеміз. Оған біраз ұсыныстар енгізіліп, сол бағытта тың қадамдар іске асырылады. Сондықтан бүгін жұмыс жоспарын тек концептуалды түрде бекітеміз, яғни оны ары қарай біртіндеп толықтырып отырамыз», - деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 20 маусым күні Сенат пен Мәжіліс депутаттары Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстанның орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссияның құрамын бекітті.

Оған сенаторлар қатарынан Мәулен Әшімбаев, Ольга Перепечина, Асқар Шәкіров, Сүйіндік Алдашев, Нұртөре Жүсіп, Әли Бектаев, Нұрлан Бекназаров, Сергей Карплюк, Ақмарал Әлназарова кірді.

Комиссия құрамында Мәжіліс депутаттарынан Альберт Рау, Нұртай Сабильянов, Аян Зейнуллин, Павел Казанцев, Асхат Рақымжанов, Асқар Садықов, Ерлан Стамбеков, Гаухар Танашева және Динара Шүкіжанова бар.