Елордада «Отбасы және мектеп» жедел алдын алу іс-шарасының төрт күнінде 55 жасөспірім және 61 ересек адам әкімшілік жазаға тартылды

None
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат - Елордада сәуірдің 5-інде басталған «Отбасы және мектеп» жедел алдын алу іс-шарасының төрт күнінде 55 жасөспірім және 61 ересек адам әкімшілік жазаға тартылды. Бұл туралы Астана қалалық ІІД тіл саясаты және ақпарат бөлімінен хабарлады.

ҚР Ішкі істер министрлігінің нұсқауы бойынша Астана қаласында сәуірдің 5-10-ы аралығында жалпы білім беретін оқу орындарын қамтитын «Отбасы және мектеп» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты - жасөспірімдер жасайтын қылмыстың алдын алу және ескерту, құқық бұзушылық бағыттағы жасөспірімдер тобын, есірткілік және психотроптық заттарды, спирттік ішімдіктерді пайдаланатын кәмелетке толмағандарды, үлгерімі нашар жасөспірімдерді, сонымен қатар, оларға алкогольдік ішімдік пен темекі өнімдерін сататын үлкендерді анықтау.

Сонымен қатар түнгі мезгілде ойын-сауық мекемелерінде жүрген кәмелеттік жасқа толмағандарды анықтау және мекеме иелері мен ата-аналарға әкімшілік шара қолдану мақсатында өткізіліп жатқан шараға учаскелік инспекторлар, прокуратура, білім, денсаулық сақтау органдарының, «Нұр Отан» ХДП жастар қанатының өкілдері қатысуда.

«Олар төрт күнде 105 білім мекемесін, 35 компьютерлік клубты және 102 ойын-сауық орталығын тексерген. Нәтижесінде 12 лауазымды қызметкер мен 11 ата-ана балаларының түнгі уақытта ойын-сауық орталықтарына баруына жол бергендері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ ішкі істер бөлімдеріне 254 жасөспірім жеткізілсе, оның 16-сы ішімдік ішкені үшін ұсталған. Осы күндер аралығында 55 жасөспірім, 61 ересек адам әкімшілік жазаға тартылды. Ал құқық қорғау органының алдын алу есебіне 29 жасөспірім мен 25 қолайсыз отбасы тіркелді, делінген баспасөз хабарламасында.