Елордада жоғары технологиялар саласындағы екі бірдей көрме ашылды

None
СТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы «Көрме» халықаралық орталығында екі бірдей көрменің, атап айтқанда «BookExpoAstana-2010» халықаралық кітап жәрмеңкесінің және «e-KAZAKHSTAN-2010» 3-ші халықаралық ақпараттық-коммуникациялық технологиялар көрме-форумының ашылу рәсімі өтті.

Шараның ашылу рәсіміне қатысқан Ақпарат және байланыс вице-министрі Сәкен Сәрсенов «Қазіргі әлемдегі ақпараттық технологиялар бізді жан-жағымыздан қоршап тұр. Замана ағымына ілескен кез келген азамат ақпараттық технологияларсыз өз өмірін елесте де алмайды», деп атап өтті.

Елорда төрінде алғаш рет ұйымдастырылған «BookExpoAstana-2010» халықаралық кітап жәрмеңкесі қаланың мәдени және іскерлік өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Онда кітап индустриясына тікелей қатысы бар баспагерді, қаламгерді, кітапханашыны, кітап сатушыны да кездестіресіз. Жәрмеңкеден ғылыми, әдеби, діни кітаптармен қатар балалар әдебиетіне қатысты шығарылған баспа өнімдерін сатып алуға мүмкіндігіңіз мол. «Нұр Отан» ХДП-ның ұйытқы болуымен Астанада алғаш рет ұйымдастырылған шараға еліміздің, сондай-ақ Ресей мен басқа да мемлекеттердің баспагерлері өз өнімдерін ұсынған. Олардың қатарында отандық Алматыкітап, Дәуір, Атамұра, ресейлік Карапуз, Комикс, Информнаука, түркиялық Imak Ofser сынды компаниялар бар.

Ал «e-KAZAKHSTAN-2010» халықаралық ақпараттық-коммуникациялық технологиялар 3-ші көрме-форумы оған қатысушыларға жинақталған тәжірибелерін талқылауға, перспективалы жобалары мен саланы дамытудың бағыттары ақпараттандыруға мол мүмкіндік беріп, отандық байланыс және телекоммуникациялар өндірісіне тың серпін береді. Бұл көрмеге де мемлекеттік даму, қаржы, консалтингтік ұйымдармен қатар ресейлік компаниялар да қатысуда.

Екі көрме де сәуірдің 3-іне дейін жалғасады.