«Еңселі мешіт ел игілігі үшін» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Кеннет Фэйрфакспен оның өтініші бойынша кездесті. Кездесуде ОСК төрағасы АҚШ елшісін Парламент Мәжілісі депутаттары мен мәслихаттары депутаттары сайлауына әзірлік барысымен таныстырды. «Ортсайлауком басшысы атап өткендей, саяси партиялардың сайлауалды үгіт жұмыстары құқық аясында және сайлауалды үгіт шараларының заңнамамен көзделген барлық нысандарында жүріп жатыр. Тек Жаңаөзен қаласында ғана төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты саяси партиялар мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттар бұқаралық көпшілік шараларды өткізуден бас тартуы және олардың орнын БАҚ-тар мен көрнекі үгіт нысандарын белсендірек пайдалану есебінен толтыруы тиіс», - деп жазады басылым. Мақала «АҚШ елшісімен кездесті» деген тақырыппен берілген.
«Ұлан ауданының орталығы - Қасым Қайсенов атындағы кентте ел есінде қалатындай елеулі оқиға болды. Осы ауданның тумасы, ауған соғысының ардагері, таяуда ғана кәсіпкерлікті дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған, алдыңғы жылы Елбасының қолынан «Парыз» сыйлығын алған Қайрат Мусин өз қаржысына соққан, ішіне 500 адам еркін сыятын еңселі мешітті жерлестеріне сыйға тартты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Еңселі мешіт ел игілігі үшін» деген тақырыптағы мақаласында. Мешіттің ашылуына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ауғанстанда Қ.Мусиннің командирі болған еліміздің біртуар азаматы, «Халық Қаһарманы» Бақытжан Ертаев, Шымкент, Тараз, Семей, басқа қалалардан кәсіпкердің достары арнайы келіп, қуаныштарымен бөлісті.
***
«Кеше Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысы өтіп, Қазақстан Үкіметі, қызметкерлердің республикалық бірлестіктері және жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы 2012-2014 жылдарға арналған бас келісімге қол қойылды», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, келісімге қол қоя отырып, тараптар «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының негізгі бағыттарын іске асыруда, халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту және жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру, әлеуметтік-еңбек қатынастарын ұжымдық шарт арқылы реттеудің құқықтық базасын жетілдіруге және ұжымдық еңбек дауларын шешудің тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды және Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесіп Қазақстан Республикасындағы лайықты еңбек ұлттық бағдарламасын іске асыруда күш біріктіруге келісті.
***
«Комсомольская правда Казахстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Язык до суда доведет» деген тақырыптағы мақалада ҚР Бас прокуратурасы Жаңаөзен қаласының тұрғыны Алуаш Оңғарованы бұқаралық ақпарат құралдарына жалған ақпарат бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуға ниет танытып отырғандығы жайында баяндалған. «Бізбен бұрын кейбір бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өзінің келіні Шолпан Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде өлген 23 адамның көздерін жұмғанын мәлімдеген Унгарова Алуаштан жауап алынды. Дегенмен, анықталып, сұралған Өтекеева Шолпан Унгарованың сөздерін жоққа шығарды және өлгендердің көздерін жаппағанын, өзі тікелей 2011 жылғы 16 желтоқсанда қаза болған тек 3 адамды көргенін хабарлады. Сонымен қатар, ол Унгароваға келін болып келмейтіндігіне назар аударды», - деп атап өтті ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.