«Ерікті таңдау жасайтын сәт келді» - республикалық басылымдарға шолу

None
АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 12 қаңтар, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында әдебиет пен өнер қайраткерлеріне Президенттік және Мемлекеттік стипендияларды тапсырды.  «Сонымен кеше тағы да жүз­ден астам әдебиет және өнер қайраткерлерінің отандық мәде­ниетті дамытудағы үлкен еңбек­тері Президенттік стипендиялармен атап өтілді. Олардың арасында Асанәлі Әшімов, Зәмзәгүл Шәріпова, Сәбит Оразбаев сынды театр тарландары, Бибігүл Тө­­легенова, Ермек Серкебаев сияқ­ты ән өнерінің саңлақтары, Шерхан Мұртаза бастаған қа­быр­­ға­лы қаламгерлер, арқалы ақын­дар бар», деп жазады басылым. Мақала «Өнердің сапасы елдің санасына әсер етеді» деген тақырыппен берілген.

 Еліміздің әр азаматының өз таңдауын жасауына үш күн қалды. 15 қаңтарда Қазақстанның бірнеше миллион сайлаушысы учаскелерге барып, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәсли­хат­тарда халық мүддесін қорғауға кімдердің лайықты екенін анықтау үшін дауыс береді. Осыған байланысты «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловпен «Сайлау-2012» тақырыбында ой бөліскен. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Сөзімнің соңында сайлаушылар ті­зі­­­міне енген еліміздің барлық азаматтарына 15 қаңтар қай жағынан алғанда да өте жауапты күн екенін айтқым келеді. Өйт­кені, дауыс беру құқығы әрбір адамға жеке тиесілі. Сондықтан Қазақстанның әрбір азаматы осы мүмкіндікті іс жүзінде пайдалануы тиіс. Бұл өзің үшін де, ел үшін де маңызды. Осы сайлау мемлеке­тіміздің келешекке бастайтын жаңа бір қадамы болмақ», - дейді. Сұхбат «Ерікті таңдау жасайтын сәт келді» деген тақырыппен берілген.

***

«Кеше Сенат 2012 жылдағы өзінің алғашқы жалпы отырысын өткізді. Өзін өзі тарқатқан Мәжілістен соң заң шығарушы биліктің қос тізгінін бір уыста ұстаған сенаторлар аз күнгі демалыстан тыңайып, жаңа жылдағы жұмысына құлшыныспен келгені көрініп тұр. Ағымдағы жылдың бірінші басқосуында-ақ Сенат оннан астам заң қабылдады. Алғашқы отырыста сенаторлардың талқысына ұсынылған «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» жаңа редакциядағы жобаның өзі мерекеден кейінгі мамыражай тірліктің «селт еткізері» іспеттес болғанға ұқсайды», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Мақалада көтерілген жайтты басылымның бүгінгі санындағы «Сенат «Самұрық-Қазына» қызметіне мемлекеттің араласуын шектеп тастады» деген тақырыптан егжей-тегжейлі біле аласыздар.

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Алматыға жұ­мыс сапары аясында қаланың Алатау ауданында Индус­трия­лық аймақты құру жобасы таныстырылды», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Индустриялық аймақ - Ал­ма­тының экономикасының перспек­тивалық өсуінің маңызды бө­лігі. Аталған жоба заманауи инно­­вациялық негізде өнеркәсіп өнді­­рісін одан әрі дамыту үшін негіз болады, қаланың жалпы өңірлік өнімінің өсімін қамтамасыз етеді. Алматының өзге аудан­­дарын­дағы өндірістер Алатау ауданындағы Индустриялық аймақтың аумағына топтастырылатын болады. Бұл мегаполистегі көлік және экологиялық жағдайды едәуір жақ­сартуға мүмкіндіктер туғызады. Индустриялық аймаққа бар­­­лы­ғы 76 өнеркәсіп және ком­му­налдық кәсіпорындарды орналас­тыру жоспарлануда. Олардың қа­тарында: 20 тамақ өнеркәсібі кәсіпорны, 18 жеңіл өнеркәсіп кә­сіп­орны, 14 жиhаз, 7 фар­ма­цев­ти­ка­лық, 4 химиялық, сондай-ақ ма­шина жасау сала­сын­дағы 13 кәсіпорын бар.