Фон дер Ляйен Еуропалық комиссияның барлау қызметін құруды жоспарлап отыр

Фото: Anadolu Ajansı

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуропалық одақтың жеке барлау қызметін құруды көздеп отыр. Бұл құрылым мүше елдердің ұлттық арнайы қызметтерінен алынған ақпаратты жинап, талдаумен айналысады, деп хабарлайды Euronews.

Financial Times басылымының мәліметінше, ресми түрде жаңа қызметтің мақсаты — бар барлау деректерін неғұрлым тиімді пайдалану. Алайда дипломатиялық ортада бұл бастама Еуропалық комиссия мен оның басшысының өкілеттігін кеңейту әрекеті ретінде қабылданып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа құрылым Еуропалық сыртқы істер қызметімен тығыз жұмыс істейді, бірақ бұл ұйымның жетекшісі Кая Калластың ықпалын азайтып, фон дер Ляйеннің беделін арттыруы мүмкін.

– Еуропа қазір барлау саласында да тәуелсіз болуға ұмтылуда, – деді Еурокомиссия жоспарларымен таныс шенеунік.

Еуропалық комиссияның ресми өкілі Паула Пиньоның айтуынша, жаңа бөлімше Еуропалық сыртқы істер қызметін толықтырып, қауіпсіздік мәселелеріне арналған «Қауіпсіздік коллегиясының» жұмысына үлес қосады.

Бұл коллегияға 26 комиссар мен Еуропалық комиссия төрағасы кіреді. Ол алғаш рет биыл наурызда қауіпсіздік саласындағы өкілеттіктер кеңейтілген кезде жиналған болатын.

Сонымен бірге Брюссельдегі жоғары лауазымды дипломаттар жаңа құрылымның пайда болуы екіұдай жүйеге және билік үшін бәсекеге әкелуі мүмкін деп қауіптенеді. Олардың айтуынша, егер фон дер Ляйен жоспары жүзеге асса, бұл кейбір шенеуніктердің ықпалын әлсіретіп, мансабына әсер етуі ықтимал.

Жоспар әзірге ЕО-ның 27 мүше еліне ресми түрде ұсынылмаған. Бірақ ол ұлттық барлау органдарынан жаңа еуропалық құрылымға қызметкерлер жіберуді қарастырады.

Айта кетейік, Урсула фон дер Ляйен тағы да сенімсіздік вотумынан аман қалды.