Францияда кәсіподақтардың жаппай ереуілі болды

None
АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат - Француз кәсіподақтары елдегі зейнетақы жүйесін реформалау жоспарымен келіспейтіндерін жария етіп, кеше, қыркүйектің 7-сінде жалпыхалықтық ереуіл ұйымдастырды. Франция Президенті Николя Саркози өз кезегінде, өкіметтің бұл мәселеге қатысты ұстанымы өзгермейтінін мәлім етті, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.

Наразылықты ұйымдастырушылардың деректері бойынша, жалпыхалықтық ереуіл Франция бойынша 2,5 миллионға жуық адамның басын қосты - тек қана Париждің өзінде манифестацияларға 270 мыңдай адам қатысты. Ал елдің ішкі істер министрлігі, бүкіл ел бойынша ереуілге қатысқандардың саны 1,1 миллион ғана деп хабарлап отыр. Дегенмен, бұл көрсеткіштің өзі соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш.

Николя Саркози ұсынып отырған реформаның жобасында зейнет жасын қазіргі 60 жастан 2018 жылға қарай 62 жасқа дейін көтеру қарастырылған. Осы бастама Франция бойынша қызу жарыссөздер туғызып отыр. Кәсіподақтар мен оппозиция реформаға үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, бұл әрекетті президент Франсуа Миттеранның тұсында әлеуметтік салада қол жеткізілген жетістіктерге қол сұғушылық деп бағалап отыр. 1982 жылы Миттеран зейнет жасын 65-тен 60 жасқа төмендеткен болатын.