Футбол: Қазақстан УЕФА рейтингінде - 29-орында

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Екі айдан кейін Қазақстан клубтары үшін Еурокубок додасы басталады. 

Әуелі Еуропа лигасында бақ сынайтын командаларымыз алғашқы ойындарын өткізеді.

19 маусым күні Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының бірінші және екінші іріктеу сатысындағы ойындарының жеребесі тартылады. «Астана», «Қайрат», «Ертіс» және «Ордабасы» төртеуі алғашқы қарсыластарын білетін болады.

«Астана» Чемпиондар лигасын екінші іріктеу сатысынан бастайды. Бұл кезеңнің ойындары 11/12 және 18/19 шілде күндері өтеді. Бұл лиганың бірінші іріктеу кезеңінде 10 команда ғана ойнайды.

«Қайрат», «Ертіс» және «Ордабасы» үшеуі Еуропа лигасын бірінші іріктеу сатысынан бастайды. Бұл кезеңдегі ойындарын 29 маусымда және 6 шілдеде өткізеді. Ал екінші іріктеу сатысының ойындары 13 және 20 шілдеге белгіленген.

Осы екі матчтың арасында Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының үшінші іріктеу сатысындағы ойындардың жеребесі тартылады. Қазір Қазақстан УЕФА-ның клубтық коэффициентер кестесінде - 29-орында. Жалғыз «Астана» емес, басқа клубтарымыз да алғашқы кезеңдерден өтетін болса, ұпай қорымыз молайып, төмендегі кестеде жоғарылай беретін боламыз.




Дереккөз: Астана футбол федерациясы.