Гималайдың солтүстігіндегі жүздеген турист қалың қарға байланысты эвакуацияланды

Фото: CCTV

АСТАНА.KAZINFORM - Қытайдың Тибет автономиялық ауданында қалың жауған қар құрсауында қалған туристер байланысқа шықты. Олардың кейбірі өз бетімен қауіпсіз аймаққа түсіп үлгерген, деп хабарлайды CCTV.

Соңғы мәліметтер бойынша, жаяу серуендеу кезінде ауа райының қолайсыздығынан қалып қойған 350 турист Цюйдан ауылындағы құтқару орталығына жеткен. Олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, барлығы қауіпсіз жерге орналастырылды.

Қазірдің өзінде байланысқа шыққан 200-ден астам турист құтқару қызметі мен жергілікті биліктің бақылауымен жақын арада біртіндеп қауіпсіз аймақтарға көшірілетін болады.

4 қазанға қараған түні Гималайдың солтүстік беткейінде теңіз деңгейінен шамамен 4500 метр биіктікте орналасқан Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы Динжи уезіне қар жауды. Ауа райының күрт нашарлауы бірнеше туристік топтың бағытын бұзды. Жергілікті билік эвакуациялау жұмыстарын ұйымдастыру және қажетті көмек көрсету үшін құтқару топтарын жіберді.

Айта кетейік, 102 жастағы жапон азаматы Фудзи шыңына шығып, Гиннестің рекордтар кітабына енді.