Х.Клинтон Ауғанстандағы бейбіт адамдардың қазасына орай өкініш білдірді
08:24, 08 Мамыр 2009
ВАШИНГТОН. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат – АҚШ Мемлекеттік хатшысы Х.Клинтон Ауғанстанда АҚШ әскери-әуе күштерінің шабуылдарының нәтижесінде бейбіт халықтың қаза болуына орай «үлкен өкініш білдірді»,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Би-би-си телекомпаниясына сілтеме жасап. Вашингтонда өткен баспасөз мәслихатында Х.Клинтон былай деп мәлімдеді: «АҚШ пен сіздің елдердің үкіметтері бейбіт адамдардың қазаларына жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін істейтіндігіне Ауғанстан мен Пәкістан халқын сендіргім келеді. Болған оқиғаға байланысты біз қатты өкініп отырмыз», - деді Мемлекеттік хатшы өз сөзінде. Баспасөз мәслихатына сондай-ақ Ауғанстан мен Пәкістан президенттері Хамид Карзай мен Асиф Али Зардари қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдары бұдан бұрын хабарлағандай, ауғанның Фарах провинциясына жасалған бірнеше әуе шабуылының нәтижесінде 100-ге жуық бейбіт халық қаза болған, олардың басым бөлігі әйелдер мен балалар. Ауғанстанның Қорғаныс министрлігі осынау қанды оқиғаға байланысты тексеру жұмыстарын жүргізуде.