«Хабар» агенттігі мерекеге орай барша аналарға ерекше сый әзірледі
«Биыл да халық арасында кең танылған әдемі әнге мерекелік бейнебаян түсірдік. Бұл жолғы таңдау Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Рүстем Қоразбаевтың «Жан ана» әніне түсті. Әнді кезінде Мейрамбек Беспаев пен Тоқтар Серіковтің орындағаны әлі көпшіліктің есінде. Бірақ соңғы жылдары бұл ән көп естілмейтін болып жүр.
Халық жүрегінен орын алған ән бірінші рет өңделіп, тыңдарманға жаңа нұсқада ұсынылып отыр. Оны Мейрамбек Беспаев, Бағлан Әбдірайымов, Ғаділбек Жаңай, Нұрболат Абдуллин, Әбдіжаппар Әлқожа, Ернар Айдар, Ғазизхан Шекербек пен «Музарт Lіfe» тобы сияқты сайдың тасындай іріктелген талантты жігіттер орындайды.
Бейнеклип ару Алматыда түсірілді. Оған кәсіби актерлер емес, қарапайым қала тұрғындары тартылды. Сюжет желісі бойынша теміржолшы, полицей, мұғалім, дәрігер, көлік жүргізуші болып еңбек етіп жүрген аналарды өз балалары құттықтайды. Осылайша, асыл аналарымызға құрмет көрсетіледі»,-деп жазды.
Клиптің продюсері - Нұрсерік Қамбар, режиссері - Олжас Ибраев, операторы - Әлібек Әлиев.
«Жаңа ғана бейнебаянның тұсауы кесілді. Алдағы мереке күндері «Хабар» агенттігіне қарасты телеарналардың эфирінен тамашалай аласыздар.
Мейірім мен жылулыққа толы бейнебаян көптің көңілінен шығады деген үміттіміз. Ендеше, қабыл алыңыздар!»,-делінген Ринат Кертаевтың жазбасында.