Халықаралық еңбек ұйымының бағалауынша Қазақстанда әлеуметтік әріптестікті дамытуға мүмкіндік беретін оңтайлы жүйе құрылған
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова осылай мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қолданыстағы Еңбек кодексі еңбек қатынастарын реттеумен байланысты барлық проблемаларды шеше алмайды.
«Қолданыстағы 4 жыл ішінде кодекстің жекелеген нормаларының қолданылуында біршама кемшіліктер айқындалды. Осыған орай, еңбек қатынастарын құқықтық реттеудің сапасын арттырып, кемшіліктер мен қайшылықтарды жою, сондай-ақ халықаралық еңбек стандарттарын есепке ала отырып, еңбек заңнамасын жетілдіру мақсатында құжат әзірленді. Қолданыстағы біліктіліктерді, кәсіптерді реттеу және бірыңғай жүйеге келтіру, қызметкерлердің оқуға және мансаптық өсуге ынталығын арттыру мақсатында Ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастыруға бағытталған бірқатар жаңалықтар ұсынылады», - дейді Г. Әбдіқалықова.
Оның айтуынша, ұлттық біліктілік жүйесі бірқатар элементтерден тұрады. Атап айтқанда, ұлттық біліктілік шеңбері - Ұлттық біліктілік жүйесін құру іргетасы саналады. Қызметкерлердің біліктілігіне қойылатын талаптардың жиынтығы ретінде салалық біліктілік шеңберлері, кәсіптік стандарттар қалыптасатын болады. Оларды салалық мемелекеттік органдар жұмыс берушілер бірлестіктерімен бірлесе әзірлейтін болады.