Халықтың денсаулығын қорғау саласында ҮЕҰ-ға 2012 жылға арналған үздік әлеуметтік бастамалар байқауының қорытындысы шығарылды

None
АСТАНА. 7 қаңтар. қазАқпарат - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес халықтың денсаулығын қорғау саласында үкіметтік емес ұйымдарға 2012 жылға арналған үздік әлеуметтік бастамалар байқауының қорытындысын шығарды, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.  

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберіндегі тақырыптарды анықтауға бағытталған байқауды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2011 жылдың желтоқсан айының басында жариялаған еді. Шара мақсаты - қоғамдық денсаулықты нығайту саласында бірқатар міндеттерді бірлесіп шешу үшін үкіметтік емес ұйымдарды тарту болды.   

Байқау өткізілген уақытта 24 үкіметтік емес ұйымнан 38 идея келіп түсті. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерінің дауыс беруі нәтижесінде 11 жоба ең көп дауысқа ие болды. Олардың қатарында: «2012 жылы көрсетілетін медициналық қызметтер және дәрімен қамтамасыз ету сапасына халықтың шағымдануының себептерін зерттеу және алдын алу», «Тұрғындар арасында органдар және тіндер донорлығын насихаттау және Қазақстан Республикасында трансплантологияны дамыту», «Қазақстанда темекішегушіліктің кеңінен таралуының алдын алуға бағытталған тиімді шаралар енгізу», «Ми инсульті регистрін құру» және басқа да жобалар бар.         

Пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне ағымдағы жылғы елеулі жобалардың тақырыптарын қалыптастыру барысында аталған бастамаларды есепке алуға ұсыныс жасады.

Айта кететін жайт, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2011 жылы алғаш рет түрлі үкіметтік емес ұйымдар арасында 141 млн. теңге көлемінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс орналастырды.