Химия саласындағы Нобель сыйлығы металды органикалық каркас ойлап тапқандарға берілді
АСТАНА.KAZINFORM — Химия саласындағы Нобель сыйлығы жапон ғалымы Сусуму Китагава, аустралиялық ғалым Ричард Робсон және Иорданиядан шыққан америкалық ғалым Омар Ягиге берілді. Олар «металды органикалық каркас әзірлегені үшін» марапатталды, деп хабарлайды DW.
— Химия бойынша 2025 жылғы Нобель сыйлығының лауреаттары газ бен басқа да химиялық зат өткізетін кеңістіктері бар молекулалық құрылымдар жасады. Металды органикалық құрылымдар деп аталатын бұл құрылымдар шөлдегі ауадан су жинау, көмірқышқыл газын ұстау, улы газдарды сақтау немесе химиялық реакцияларды катализдеу үшін пайдаланылуы мүмкін, — делінген баспасөз хабарламасында.
1989 жылдан бері осы салада зерттеу жүргізіп келе жатқан Ричард Робсон үш өлшемді кристалдарға ұқсайтын алғашқы молекулалық құрылымдарды жасағаны аталып өтті. Сусуму Китагава мен Омар Яги мұндай құрылымдардың тұрақтылығы мен икемділігін жасап шықты.
— Металды органикалық қаңқалар жаңа функциялары бар теңшелген материалдарды жасау үшін бұрын қолданылмаған мүмкіндіктерді аша отырып, орасан зор жаңалық әкелді, — деп атап өтті Хайнер Линке, химия бойынша Нобель комитетінің төрағасы.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы химия саласындағы Нобель сыйлығы британдық ғалымдар Демис Хассабис пен Джон М.Джампермен бірлесе ақуыз құрылымдарын зерттеген америкалық Дэвид Бейкерге берілген болатын.
Нобель апталығы 6 қазанда басталды.
Бұл күні физиология және медицина саласындағы Нобель сыйлығы иммунитет жүйесін зерттеген ғалымдарға берілді.
7 қазанда АҚШ ғалымдарына физика бойынша Нобель сыйлығы берілді.
9 қазанда әдебиет бойынша Нобель сыйлығы лауреаттарының есімдері белгілі болады.
10 қазанда Ослода Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегері жарияланса, 13 қазанда 1968 жылы құрылған экономика ғылымдары бойынша Нобель мемориалдық сыйлығының лауреаты жарияланады.