И. Гашпарович Братиславада Қазақстанның сауда өкілдігін ашуды ұсынды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Словакия Президенті Қазақстанның «Еуропаға жол» бағдарламасының қабылдануына қызығушылық танытқанын айта келе, «Қазақстан Еуропада өзінің сауда өкілдігін ашуды жоспарлап отыр. Осы тұрғыда яғни, егер сіздерді қызықтырса, мұндай өкілдіктің Братиславада құрылуына жағдай жасауға дайынбыз. Себебі, Братислава Еуропаның орталығы болып табылады», деді ол.
И. Гашпарович Словакияның бұл қаласынан Еуропаның кез келген аймағына жету өте қолайлы екенін айтты. «Братиславада аталған өкілдікті ашу өзара тиімді болатынын атап өткім келеді», деді Словакия Президенті.
«Мен Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын Словакия мемлекетінің қолдағанына алғысымды білдіремін», деді Н. Назарбаев.
Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Словакия мемлекеті биылғы жылғы Астанадағы ЕҚЫҰ мемлекеттер басшылары саммитін өткізуді қолдап отырғанын атап өтті. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздер кезінде Еуропалық қауіпсіздіктің жаңа сәулетін қалыптастыру, өңірдегі жағдай, Ауғанстан мәселелері талқыланғанын атап өтті.