ІІМ: Қазақстанда бас бостандығынан айырылған 3 мыңға жуық сотталғандарға рақымшылық жасалады

None
АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Қазақстанда бас бостандығынан айырылған 3 мыңға жуық сотталғандарға  рақымшылық жасалады. Бұл туралы бүгін елордада ҚР ІІМ-нің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.

ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің мәліметі бойынша, рақымшылыққа бас бостандығынан айыру орындарындағы 2696 сотталған адам іліккен.

«Оның ішінде 2199 адам босатылады, 497 адамның жазасының мерзімі қысқарады. Рақымшылық бойынша бостандыққа шығатындардың көбісі мерзімінің кемінде төрттен бір бөлігін өтегендер», - дейді ресми өкіл.

Сонымен қатар, Н. Ораздың мәліметі бойынша, рақымшылық жасауға кәмелетке толмағандар, кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер, жүкті әйелдер, елудегі және одан да жоғары жастағы  әйелдер, алпыс үшке толған және одан жоғары жастағы ер адамдар, 1,2,3 топтағы мүгедектер, Ұлы Отан соғысына қатысқандар, Ауғанстандағы әскери әрекеттерге және Чернобыльдағы жағдайға қатысқандар жатады.

Сонымен қатар рақымшылық жасау Заңының қолдану аясына қоғамнан оқшаулаусыз 9320  сотталған адам жатады. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы ішіндегі бұл - жетінші рақымшылық.