Индустриялық-инновациялық үдемелі даму бағдарламасын жүзеге асыру мен бақылау жергілікті басқару органдары құзырына кірмейді
Бұл Алматыда өткен «Дағдарыстан кейінгі даму: жаңа онжылдықтағы жаңа мүмкіндіктер» деп аталатын дөңгелек үстел жиынында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі нормативтік актілерде жергілікті басқару органдарының құзырына индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру мен бақылауды басқару кірмейді. Осы арада жаңа нормативтік актілер жасау керек пе деген ой тууы мүмкін. Бұл қаншалықты орынды болады. Өйткені индустриялдық-инновациялық үдемелі даму бағдарламасы салалар бойынша жасалған. Біздің пайымдауымызша, жергілікті атқарушы органдардағы кадрлық құрамның өкілеттіктері оған қайшы келеді», дейді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік және жергілікті басқару институты директорының орынбасары Әлия Кенжебаева. Оның сөзіне қарағанда, индустриялдық-инновациялық үдемелі даму бағдарламасы сауатты жасалған. Оны іске асыру механизмдері де жазылған. Алайда жүзеге асыру құралдары көңілдегідей емес. Жергілікті басқару органдарында оны басқаруға ресурс жоқ. Сондықтан министрліктер екінші қатарда қалмай, қайта олар бақылауды бұрынғыдан да қатайтуы керек.