Іскерлік климатты жақсарту үшін әкімшілік кедергілерді жою сатылап жүргізіледі
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні біз Елбасы жүктеген ұзақ мерзімді міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар топтамасын ұсынатын боламыз. Ең алдымен бизнес пен іскер ортаның іскерлік климатын жақсарта түсу үшін әкімшілік кедергілерді сатылап жою жалғаса түседі. Бұл ретте нақты әрі ашық ережелер қалыптасып, сыбайлас жемқорлықтың жолы кесілуі шарт. Осы мақсатта 2010 жылдан бастап тәуекелді бағалау жүйесі енгізілген, ол бойынша тек қана «адал» емес кәсіпкерлер тексерілетін болады. Бұл шара кәсіпорындардағы жоспарлы тексерістер санын қысқартады. Мемлекет басшысы Үкіметке кәсіпорынды бір күн ішінде тіркеу мүмкіндігін қарастыру туралы тапсырма қойған еді. Бұл орындалды. Бүгінгі күні кәсіпорынды бір күннің ішінде тіркеу жүзеге асырылады», деді К. Мәсімов.
Сонымен бірге Үкімет басшысы электрондық Үкіметті қалыптастыру барысында сыртқы сауда операцияларын жүргізу үшін электронды құжат айналымы енгізілгенін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, Дүниежүзілік банктің бизнесті жүргізу жөніндегі рейтингісі бойынша Қазақстан 2009 жылы 63 орынға көтеріліп, көршілес ТМД және бірқатар Еуропа елдерін басып озған.