Израиль Ливандағы «Хезболла» ұйымының екі мүшесін жойды

Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль армиясы Ливанның екі ауданына соққы жасап, нәтижесінде шииттік «Хезболла» ұйымының екі мүшесі жойылды, деп хабарлайды ТАСС.

Израиль қорғаныс армиясының мәліметінше, жойылғандардың бірі — Али Хусейн әл-Мусави, ол Сириядан Ливанға қару-жарақ жеткізу және контрабандамен айналысқан. Екіншісі — Абду Махмуд әл-Саид, елдің оңтүстігінде «Хезболланың» жергілікті өкілі болып, аймақ тұрғындарымен қаржылық және әскери мәселелер бойынша байланысқа жауапты болған.

Израиль армиясы атап өткендей, бұл екеуінің қызметі Израиль мен Ливан арасындағы атысты тоқтату жөніндегі келісімдерді бұзу болып саналады.

Бұған дейін Израиль қорғаныс күштері Газаның орталық бөлігіне «нақты бағытталған соққы» жасалғанын хабарлаған болатын.

Айта кетелік Трамп Батыс жағалау аннексияланса, Израильге қолдау көрсетуді тоқтататынын айтты.