Johnson & Johnson қатерлі ісікке қатысты шағымдарды өтеу үшін 6,5 млрд доллар төлейді
АСТАНА. KAZINFORM – Америкалық Johnson & Johnson компаниясы құрамында алдын ала шамалау бойынша аналық без обырын тудыратын асбест балалар ұнтағы мен басқа да тальк өнімдеріне қатысты сот ісін реттеу үшін 6,475 млрд доллар төлейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды CNN.
Нью-Джерсидегі федералды сотта компанияға қарсы 54 мыңға жуық арыз қарастырылып отыр. Сотқа шағым түсірген адамдар асбест әсерінен қатерлі ісіктің сирек кездесетін түрі – мезотелиома дамығанын атап өтті.
Компанияның мәлімдеуінше, оның өнімдерінде асбест жоқ және өнімдері қатерлі ісік тудырмайды. Осы жылдың наурыз айында компания Нью-Джерсидегі федералды сотта талькты аналық бездің қатерлі ісігімен байланыстыратын ғылыми дәлелдерге қарсы шығу мүмкіндігін алды. Істі қадағалайтын судья заңдағы соңғы өзгерістер мен ғылыми дәлелдер қайта шолуды қажет ететінін айтып, Johnson & Johnson компаниясынан шілде айының соңына дейін ғылымға қатысты жаңа дәлелдер келтіруді сұрады.
Компания LTL Management еншілес компаниясының (тальк бойынша жауапты) банкроттығы туралы үшінші рет өтініш беруді жоспарлап отыр, ол істің қаралуын толығымен аяқтап, болашақ сот процестерін тоқтатады.
Алайда, сот процесі талапкерлердің пайдасына бірқатар ірі үкімдерге, соның ішінде Johnson & Johnson-ды аналық безінің қатерлі ісігі үшін кінәлаған 22 әйелге 2,12 млрд доллар өтемақы төлеуге әкелді.
Компания мезотелиома бойынша істі реттеу құнын жарияламады, бірақ 2024 жылдың бірінші тоқсанында талькпен байланысты істерін реттеу үшін қосымша 2,7 млрд доллар төлегенін мәлімдеді.