Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы зорлау әрекеттері үшін 25 жылға, тіпті өлім жазасына кесу керек - В. Нехорошев
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Владимир Нехорошев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бала біздің бақытымыз, бауыр етіміз. Қазақстанның Қылмыстық кодексінде 121-ші бапта кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы зорлау әрекеттері үшін 8-ден 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру шарасы қарастырылған. Жәбірленушінің қаза болғаны жағдайында ғана ең жоғары жазаны, яғни 15 жылды береді. Кейін бұндай сүмелектер түрмедегі жазасын мерзімінен бұрын өтеп шығады. Жақында осындай қылмысқа барғаны үшін АҚШ соты бір азаматты 800 жылға бас бостандығынан айырды. Ал біздің заңнамамыз бұндай қылмысқа келгенде өте либералды боп тұр. Жасалған қылмыстың өзі - бұл нағыз айуандықты білдіреді. Сондықтан да, мен бұл баптағы жазаны 25 жылға дейін ұзартуды сұраймын. Егер қылмыс барысында жәбірленуші қаза болса, қылмыскерді өмір бойғы түрмеге қамау үкімін енгізу қажет, тіпті біз өлім жазасын қолдануға қайтып оралатын болсақ, сондай қылмысы үшін өлім жазасын қолдану қажет», деді депутат.
Оның айтуынша, бұл қатал жаза бұншалықты деңгейдегі ауыр қылмыстарды азайтуға септігін тигізеді. «Менің ойымша, бала зорлағандар үшін кешірім деген болмауы керек», деген В. Нехорошев заң жобасының екінші оқылымы барысында аталған норманы ұсынатынын жеткізді.