Қапшағай су қоймасында өрескел ереже бұзған гидроциклдер тәркіленді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қапшағай су қоймасында судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында ведомствоаралық рейд өтті.
Қонаев әкімдігінің мәліметінше, рейд барысында құтқару құралдарынсыз шағын кемелерде жүру дерегі бойынша 8 әкімшілік хаттама, сондай-ақ шағын кемелерді басқару құқығының болмауына байланысты 9 хаттама рәсімделген.
Одан бөлек ережені өрескел бұзғаны үшін 3 гидроцикл тәркіленіп, айып тұрағына қойылды.
- Судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау әкімшілік жауапкершілікке ғана емес, қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін. Құтқару жилеттерін пайдалану, құжаттардың болуы және белгіленген талаптарды сақтау — қауіпсіздіктің кепілі, - деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, бұған дейін Қонаев қаласының жаңарған жағажайына күніне 2 мың адам келетінін жазғанбыз.