Қарағанды облысында екі адам суға батып көз жұмды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағанды облысында рұқсат етілмеген орындарда шомылып, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан екі адам суға кетті. Қайғылы оқиғалардың бірінде көз жұмған — кәмелетке толмаған бала.
Бірінші оқиға Бұқар жырау ауданында, Соқыр өзенінде, Заречное ауылының маңында тіркелген.
— Құтқарушылар 2009 жылы туған ер баланың денесін судан алып шықты, — деп мәлімдеді Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Екінші жағдай Теміртау қаласында болды. Қаланың техникалық арнасынан 1969 жылы туған ер адамның мәйіті табылып, судан шығарылды.
Осы оқиғаларға байланысты Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырып отыр. Мамандардың айтуынша, қайғылы жағдайлардың дені — рұқсат етілмеген және жабдықталмаған орындарда шомылудың салдары. Жаз мезгіліндегі демалыс адам өміріне қауіп төндірмеуі үшін, су айдындарындағы ережелерді ескерусіз қалдырмау маңызды.
Осыған дейін Атырау облысында бір ауылдың 2 жасөспірімі Жайыққа батып кеткені жайлы жазған болатынбыз.