Қарағанды облысында қола дәуіріне жататын тұрғын үй қалдықтары табылды

Фото: Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің археологтері

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Бұқар жырау ауданында Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің археологтері қола дәуіріне жататын көне тұрғын үйді анықтады. Ерекше тарихи олжа Төрткөл ауылы маңында орналасқан. 

Археологиялық нысан – тастан қаланған қос қабырғалы, жартылай жертөле үлгісіндегі құрылыс. 

Қазба жұмыстары барысында ғалымдар геометриялық өрнекпен әшекейленген қыш ыдыс сынықтарын, жануарлардың сүйектері мен тастан жасалған еңбек құралдарын, шақпақ тастан жасалған жебе ұшын және металл пышақ тапқан. 

Фото: Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің археологтері
Фото: Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің археологтері

Мамандар археологиялық бұл нысанды Алакөл мәдениетіне жатқызып отыр. Алдын ала болжам бойынша, тұрғын үй біздің дәуірімізге дейінгі XVII–XVIIІ ғасырларда тұрғызылған. 

– Алда қыш бұйымдарына техникалық және технологиялық сараптама жүргізіліп, радиокөміртектік талдау үшін үлгілер жіберіледі. Бұл зерттеу нысанның нақты уақыт межесін анықтауға мүмкіндік береді. Қола дәуірінің елді мекендерін зерттеу арқылы ежелгі Орталық Қазақстан тұрғындарының өмір салты мен шаруашылық жүйесі жайлы біліміміз кеңейе түседі, - дейді Сарыарқа археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкин. 

Фото: Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің археологтері
Фото: Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің археологтері

Айта кетейік, бұған дейін дәл осы университеттің экспедициясы Нұра ауданында шамамен мың жыл бұрын жерленген баланың қорымын тапқан болатын.